Альцгеймер ауруын көп жағдайларда кәріліктен алжу деп қате атап жатады, ол тек қарттық психоздың бір түрі.
Альцгеймер ауруы егде және кәрілік жаста дамитын ақылдың кемуі салдарының бірден- бір себепшісі. Оның алғашқы белгілері 40 жастан кейін-ақ пайда болуы мүмкін, ал 70 жастан кейін аурудың жиілігі 30%-ға дейін жетеді.
Көбіне-көп ақылдың кемуінен әйел адамдар зардап шегеді. Мұның себебін әйелдердің өмір сүру ұзақтығымен түсіндіруге болады, себебі ер адамдар Альцгеймер ауруы жасына шейін жетпейді.
Альцгеймер ауруы кезінде бас миында «кәрілік түйін» түріндегі ақуыз жиналып, зақымданған нейрондардан тұратын нейрофибриллярлық шумақша түзіледі. Бұл екі үрдіс мидың жүйке жолдарының зақымдалуына әкеп соғады.
Әлі күнге дейін осы өзгерістерді нақты не тудыратыны анықталған жоқ, алайда соңғы жылдары ғалымдар Альцгеймер ауруына бейім жауапты генді анықтай алатын болды.
Бір қызығы, бұл ауру көбінесе білімі шамалы, мамандығы жоқ адамдарда жиі кездесетіні анықталған. Ал, ақыл-парасаты жоғары адамдардың бұл ауруға шалдығу ықтималдығы төмен, өйткені олардың жүйке жасушаларының арасындағы байланыс мөлшері көбірек. Демек, бір жасуша жойылған жағдайда оның қызметі бұрын әрекетсіз жатқан басқа бір жасушаға беріледі.
Ауру естің үдемелі бұзылуынан басталады. Оның алғашқы сатысы айналадағы адамдарға байқалмайды, өйткені адам өзінің бойынан аурудың алғашқы белгілерін анықтай сала оны барынша жасыруға тырысады. Барған сайын еске түсіру қабілетінің нашарлауынан адам абдырап, дағдарып, түсінбестікке тап болады. Бірте-бірте жергілікті жер мен уақытты бағдарлай алмайтын күйге түсіп, жинақтаған білімі мен тәжірибесі, дағдылары есінен шығып кетеді. Әрі, ең алдымен, таяу арада болған оқиғалар ұмытыла бастаса, кейін бұрынырақ болған жайттар есінен шыға бастайды. Науқастың пішінді, түр-түсті, бет-әлпетті тану мен кеңістікті бағдарлау қабілеті нашарлайды. Бұл, мысалы, жазудың түсініксіз және асимметриялы болуына алып келеді: әріптер парақ бетінің ортасына немесе шетіне, тігінен жиналып қалады. Ал сөйлегені бара-бара түсініксіз бола бастайды.
Ауру күшейе бастағанда науқастың өзіне-өзі қызмет ету қабілетін демеу үшін бар мүмкіндікті жасап, айналадағылардан оқшау ұстауды азайтып, саруайымға түспеуін қадағалау керек. Мысалы, жаңа және жақсы таңдалған көзәйнек, жетілдірілген есту аппараты, қолдануға оңай радиоқабылдағыш, суреттері көп және ірі әріптермен жазылған кітаптардың көмегі көп.
Альцгеймер ауруын күшейтетін нышандардың қатарына мыналар жатады:
Бұл ауруды танып-білудің мынадай нышандары бар: аурудың бастамасының сезілмеуі, оның барған сайын күшейе түсуі, сонымен қатар ақыл кемдігінің барлық себептерінің ескерілмеуі. Сондықтан Альцгеймер ауруын анықтау үшін қазіргі кезде арнайы сауалнамалар қарастырылған.
Диагнозды нақтылау үшін электрокардиография, электроэнцефалография, компьютерлік томография мен қалқанша без қызметін зерттеуден өткізу қажет.
Егер сіздің қарт туысыңыздың бойынан Альцгеймер ауруының белгілеріне ұқсас нышандарды байқасаңыз, оны невропатолог маманға қаратқаныңыз жөн.
Альцгеймер ауруын емдейтін арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Алайда оны жеңілдететін және әрі қарай дамуын тежейтін дәрілер бар.