WhatsApp
Қазақстандағы бірыңғай байланыс орталығы:
8 800 080 76 76

Ұйқысыздық

Поделиться:
Ұйқысыздық

Ұйқысыздық деген не?

Өз өмірінде ұйқысыздықтан (инсомния) зардап шекпеген адам жоқтың қасы. Ұйқысыздық емтихан болар түні немесе маңызды бір кездесудің алдында жақсылап тынығып алу үшін ерте жатқан кезіңізде болған шығар. Оның орнына керісінше, ұзақ уақыт бойы көз ілмей, алдағы болар оқиғаны қинала елестеткен боларсыз. Немесе, қызу жұмыс күнінен кейін қатты «ұйқы қысып» келіп, жақсылап тынығуды армандап төсекке жатасыз. Бірақ, өкінішке орай, төсегіңіз ыңғайсыз болып, кейбір күңгірт дыбыстар кедергі келтіріп мүлдем ұйқыңыз қашады. Бұндай мәселелер адамдардың 30-45%-да жүйелі түрде орын алып, олардың жартысы созылмалы дертке ұшырайды.

Оның себебі неде?

Негізінде, ұйқысыздық – бұл синдром. Ол ауру емес, тек оның нышандары. Яғни, ұйқысыздықты емдеу дегеніміз оның себептерін болдырмау. Күнделікті өмірде оның қарапайым себептеріне мыналар жатады: үнемі ұйқының қанбауы, ауыспалы кестемен жұмыс істеу, күні бойы күйзелісте жүру, сағаттық белдеуді ауыстыру. Мәселен, дәрігерлердің айтуынша, 5-сағаттық ұйқы ағзаға қажетті ең төменгі мөлшер болып саналады. Егер үш күн қатарынан ұйқы осы мөлшерге жетпесе, адам бір түнгі ұйқысыздықтан кейін болатын ауыр зардапқа ұшырайды.

Даму барысы

Ұйқысыздықтың даму барысы үш кезеңге бөлінеді. Біріншісі – ұйқының басталуымен болатын қиындықтар (пресомния), яғни, бірден ұйықтап кете алмау. Әрі біртіндеп адамда «ұйқыға кетуге» байланысты толып жатқан әдет, мәселен, «төсектен үрейлену» немесе «ұйқының келмеуі» сияқты қорқыныш қалыптаса бастайды. Ұйқысыздықтың екінші кезеңіне (интрасомния) – түн ортасында әлдебір дыбыстан немесе ауыр ұйқыдан жиі ояну, жаман түстен шошынып ояну, ауырсынудан, тыныс алудың бұзылуынан, оқыс қимылдан оянып кетіп ұзаққа дейін ұйықтай алмау жағдайлары жатады. Соңғысына (постсомния) таңертеңгі ұйқыдан тұра алмау, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, қалжырағандық, ұйқышылдық жатады. Сонымен қатар, «түні бойы көз ілмедім» деп шағым айтушылар да кездеседі, алайда, тексере келе олардың 5 сағаттан кем емес уақыт ұйықтайтыны мәлім болған.

Диагноз

Ұйқысыздықтың себептерін анықтау үшін «ұйқы жөніндегі маман» сомнолог-дәрігердің ақыл-кеңесіне жүгіну керек. Диагноз қою үшін сіздің мамандығыңыздың ерекшеліктері (түнгі және ауысымдық жұмыс, уақыт белдеуінің ауысуы) ескеріледі, ұйқының бұзылуы көрінісі, полисомнографиялық тексеріс (ұйқы кезінде ағзаның жұмысын бағалау әдісі) жүргізіледі.

Емдеу

Сонымен, егер сіз ұйқысыздықтан қиналсаңыз, оның шешімі - дұрыс ұйықтауды үйрену. Жұмыс пен демалыс кестесін ретке келтіріп, ұйықтар алдында денеңізді босаңсытатын жылы ваннаға түсуді әдетке айналдырыңыз. Мүмкін аутотренинг курсынан өткеніңіз дұрыс болар. Егер ұйқысыздық қатты шаршағаннан, күйзелістің салдарынан болса, онда ұйықтататын дәрі қабылдауыңызға болады. Алайда, ең алдымен мұндай дәріні қабылдау ережесін қатаң сақтаған жөн. Екіншіден, кез-келген ұйықтататын дәріні 10-14 күннен артық қабылдауға болмайды. Осы мерзім ішінде дәріге үйреніп, оған тәуелділік қалыптасып үлгермейді және оны қабылдауды тоқтату ешқандай мәселе тудырмайды. Бұндай қағиданы сақтау оңай емес, себебі көптеген адамдар ұйқысыздықтың азабын тартқаннан гөрі дәрі-дәрмек қабылдағанды жөн санайды. Егерде сіз колданған шаралардан кейін де ұйқысыздық бұрынғысынша мазалай берсе, онда сомнолог маманға қаралу қажет. Оған қоса невропатологқа қаралғаныңыз жөн. Ұйқысыздықтан арылу үшін сізге физиотерапия, фототерапия, инемен емдеу және психотерапия курсын тағайындауы мүмкін.


Возврат к списку

Пікіріңізді қалдырыңыз